«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің атауы өзгерді

22-23 қарашада Алматы қаласында «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті Қамқорлар кеңесінің кезекті төртінші отырысы өтті. Осы жолы университеттің Қамқорлар кеңесіне ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф пен Мысырдың Уақыфтар министрі доктор Талғат Афифи басшылық етті.

Мәжіліске ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Мұрат Әбенов, әл-Әзһар университетінің ректоры Усама әл-Абд, Қазақстанның Каирдегі елшісі Берік Арын мен Египеттің Астанадағы елшісі Набила Салама және тағы басқа лауазымды тұлғалар қатысты.

Қазақстандағы жоғары білімді имамдар, исламтанушылар мен дінтанушылар дайындайтын «Нұр-Мүбарак» университеті Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасы үкіметтері 2001 жылы қол қойған келісім шеңберінде жұмыс атқарады.

Қамқорлар кеңесінде Қайрат Лама Шариф Қазақстанда дәстүрлі дін ілімін игерген, зайырлы білімі де жетік мамандарға деген мұқтаждық артып отырғанын атап өтті. Қазақстан үшін дәстүрлі ханафи мазхабын насихаттау, оның ұстанымдарын ғылыми тұрғыдан зерттеу, халыққа кеңінен таныту қазіргі жағдайда исламтанушы мамандар мен имамдар атқаратын негізгі жұмыстар екеніне баса назар аударды.

2004-2011 жылдар аралығында «Нұр-Мүбарак» университетін исламтану мамандығы бойынша барлығы 262 студент бітірген. Олардың ішінде 163-і, яғни 62,2%-ы еліміздің түрлі аймақтарындағы мешіттерде имам немесе наиб-имам қызметтерін атқарады. 37 түлек, яғни бітірушілердің 14,1%-ы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 9 медреселерде ұстаздық етуде.

Қазір университетте 638 студент діни білім алуда. Оларға 53 қазақстандық және 17 египеттік оқытушылар дәріс береді. Профессорлық-оқытушылар құрамында 6 ғылым докторы, 21 – PhD докторы және 16 ғылым кандидаттары бар. Университеттің исламтану және араб филологиясы факультеттеріндегі оқу үдерісі «исламтану», «дінтану», «шет тілі», «аударма ісі» мамандықтары бойынша жүргізіледі. «Шетел филологиясы» және «дінтану» мамандықтары бойынша магистратура ашылған. Университет түлектеріне мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі.

«Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру туралы ережеге» сәйкес ҚР Білім және ғылым министрлігі «исламтану» мамандығы бойынша жоғары білікті кадрларды даярлау үшін 2011 жылы 100 грант, 2012 жылы 128 грант бөлді. 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет арқылы «исламтану» мамандығына 2013 жылға – 150 грант, 2014 жылға 200 грант бөлу қарастырылған. Сөйтіп, 2014-2015 оқу жылының басында университетте жоғары діни білім алатын студенттердің көпшілігі мемлекеттік гранттармен толық қамтамасыз етілетін болады.

Египет тарапының өтініші бойынша Қамқорлар кеңесі университеттің атауын «Нұр» Қазақ-египет ислам университеті деп өзгертті. Сонымен қатар үкіметаралық келісімнің бірінші бабын іске асыру мақсатында және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес египет тарапының қаражатына салынған университеттің ғимараттары қазақ тарапына сый ретінде табыс етілді. Сондай-ақ Қамқорлар кеңесі университетке құрылымдық өзгерістер енгізіп, «Дін негіздері және ислам уағыз-насихаты», «Шариғат», «Араб филологиясы және ислам өркениеті» атты үш факультетті ашу туралы шешім қабылдады. «Нұр» Қазақ-египет ислам университетінде Әбу Ханифа атындағы ғылыми-зерттеу орталығы да жұмыс істейтін болады.

ҚР Дін істері агенттігінің

баспасөз қызметі

www.din.gov.kz

Print Friendly

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

Добавить видео-комментарий

Comment Spam Protection by WP-SpamFree